Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі

Музей туралы мағұлмат. Орта Азия мен Қазақстан жастарының ХХ ғасырдағы жалынды жетекшісі, өз заманының патриоты, көрнекті қоғам қайраткері, Қазалы топырағының даңқты перзенті    Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі 1968 жылы 7 қарашада Қызылорда облысы, Қазалы аудандық Кеңесінің шешімімен ашылды. Музейге ХІХ ғасырдың екінші жартысында Сібірден әкелінген ағаш бөренелерден салынған орыс саудагерінің үйі болған, кейін Кеңес өкіметі орнаған жылдары бірінші сайланған Еңбекшілер депутаттары Қазалы қалалық Кеңесінің кеңсесі орналасқан ғимарат берілді.

 1968 жылы музей алғаш ашылғанда 200 жәдігер, 3 зал болса, бүгінде музей қоры   3594 жәдігерге жетті. Оның  2273-сі негізгі, 1321-і көмекші қорда сақтаулы. Музейде қазіргі таңда сегіз экспозициялық, бір көрме залы бар. Ғанидың балалық шағынан бастап, ақтық сапарға аттанғанға дейінгі өмір жолы осы залдарға кезең-кезеңмен орналастырылған. Сондай-ақ, музей қорында оның өз қолымен жазылған хаттары, көпшілікке беймәлім құжаттары мен фотосуреттері бар. Сонымен бірге, қызметтес болған серіктерінің, замандастарының естеліктері мен кітаптары да табылады. Мұнымен қатар, Ғани туған өлкенің тарихынан да мол мағлұмат алуға болады. Орта ғасырдағы Оғыз мемлекетінің астанасы Жанкент шаһарының табанынан табылған ескі заттар мен түрлі әшекей бұйымдар, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарына қатысты жәдігерлер көне заманды көзге елестетеді. Сондай-ақ, музейдің негізгі және көмекші қоры мен жұмысшы қорында жерлес ақын-жазушылар мен өнер қайраткерлері, Ұлы Отан және Ауған соғысы жауынгерлері жайлы деректер мен мәліметтер бар.

 Ғани Мұратбаевтың 105 жылдығы құрметіне ол туралы жазылған өлеңдер мен поэма-толғаулардан және әндерден құрастырылған «Мен – Ғанимын» атты жинақ шығарылды.  2008 жылы музейдің негізі қаланғанына 40 жыл толуы қарсаңында музей тарихына арналған «Ғани тағылымы» атты кітап жарық көрді.

2012 жылы Ғани Мұратбаевтың туғанына 110 жыл толуы құрметіне  Ғанидың замандастары мен серіктестерінің естеліктері, Ғанидың мерейтойларынан баспасөз беттерінде жарияланған репортаждар және Ғаниды зерттеушілер мен ізбасарларының еңбектерінен құрастырылған  «Ғани» атты жинақ, 2014 жылы «Қазалы қаласының көшелері», 2016, 2017  жылдары  «Ғанидың Қазалылық ізбасарлары» атты жинақтар және 2018 жылы «Ғанидың қара шаңырағы» атты фото-альбом  шығарылды. 

Музейге келушілер жыл сайын көбейіп, экспонаттар саны артуда. Ғани рухына тағзым етушілер қатарында ТМД елдерінің түкпір-түкпірінен келген аудан қонақтары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, журналистер бар. Елбасы Н.Ә. Назарбаев Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы кезінде 1986 жылы Сыр бойына келген жұмыс бабындағы сапарында Ғани музейінде болып, қолтаңба қалдырды. Музей жанынан «Жас ғанитанушылар» үйірмесі және үш буын өкілдерінен құралған  «Өнеге» бірлестігі жұмыс жасайды.

 

 

Өмірбаян

      Асанова Роза Шорақызы 1969 жылы 29 мамырда Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Арықбалық ауылдық кеңесінде дүниеге келдім.  1976-1986 жылдар аралығында Қазалы қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы №17  қазақ орта мектебінде оқып, білім алдым.

Алғашқы еңбек жолымды аудандық туберкулезге қарсы диспансерінде тазалықшы болып бастадым.

   1987 жылдан 1997 жылға дейін қалалық тұтынушылыр одағында (горпо) сатушы,  1990-1991 жылдар аралығында бухгалтерлік курсты оқып бітірдім.

         2003- 2008 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата мемлекеттік университетінің тарих, экономика, құқық негіздері факультетін оқып, тарихшы мамандығы бойынша бітіріп шықтым.

2003-2015 жылдары   Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейінде ғылыми қызметкер;

  2015 жылдың мамыр айынан бастап,  музей меңгерушісі болып қызмет атқарудамын.

2018 жылдан «Nur Otan» партиясының мүшесімін.

2018 жылдан  «Нұр Отан» партиясы  Қазалы аудандық филиалы жанындағы  «Қазалы»  бастауыш партия ұйымының төрайымы;

2019 жылдың қазан айынан Қазалы аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы;

Жанұялымын. Отбасымда жолдасым екеуміз үш бала тәрбиелеп отырмыз.

Жетістіктерім:                              

2006 жылы Қызылорда облыстық музей қызметкерлері арасындағы байқаудың  «Үздік экскурсия жүргізуші» номинациясын иелендім.

2007 жылы Қызылорда облыстық мәдениет қызметкерлері байқауының  «Жаңару мен жаңғыртудың жаршысы» номинациясымен марапатталдым.

    Қызылорда қаласында  ұйымдастырылған «Алтын дән-2010», «Алтын дән -2014» этноауыл көріністері байқауының бас жүлде иегері;

2015, 2019  жылдары  Қызылорда облыстық әйелдер форумының делегаты;  

   2018 жылы Республикалық Тұлғалық музейлер қауымдастығы алғашқы құрылтайының делегаты,  басқарма алқасының мүшесімін.

ҚР Мәдениет министрі А. Мұхамедиұлының   Алғыс Хаты (2018ж), ҚР Мәдениет министрінің Сертификаты (2018ж), Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Ө.Айтбайұлының Құрмет грамотасымен,  Қызылорда облысы әкімінің (2016ж, 2019 ж),  Қызылорда облысы мәдениет басқармасының (2009, 2014, 2017ж, 2018, 2020 ж), «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалының «Құрмет Грамотасы» (2015ж), Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер  және құжаттама басқармасының Құрмет Грамотасы (2018ж),  Шалқар ауданы  әкімінің (2018ж), Қазалы  ауданы, Қазалы қаласы әкімдерінің (2008,2010, 2013,2014,  2017ж, )  Алғыс хаттарымен марапатталдым.

Фото галерея