














Қазақ халқының ерте заманнан бастау алған зергерлік өнері халық өмірімен, тарихымен, шаруашылығымен тығыз байланыста дамып келеді. Адам баласы ежелден әшекей бұйымдарды киімнің ажырамас бөлігі ретінде санаған. Кез келген қыз-келіншектің зергерлік бұйымдары, асыл тастары, оларға бейнеленген ою-өрнектері олардың әсем келбетіне әдемі үн қосып, сымбатын одан әрі ажарландырып, тартымдылығын арттыра түседі.
Музей коллекциясында жинақталған әйелдердің ұлттық әшекей бұйымдары. Әйелдерге арналатын әшекейдің көп тарағаны –білезіктер. Оны қыз-келіншектер де, орта жастағы әйелдер де салады. Ол көбіне күмістен жасалады. Жергілікті өзгешеліктер оның жасалу, әшекейлеу тәсілінен де, көлемінен де, сыртқы мүсінінен де байқалады. Оның құйма сом білезік, жұмыр білезік, көзді білезіктер және т.б. түрлері бар. Қазақ зергерлерінің өте көп жасайтын әшекейінің бірі – сақина мен жүзіктер. Сақинаны да көбіне алтыннан жасатады. Оның жасалуы жүзікке қарағанда оңай, өйткені оның сыртына шапқымен шеку, бізбен безеу әдісімен орындалатын қарапайым өрнектерден басқа ештеңе жүргізілмейді. Ал, жүзік жасау анағұрлым күрделі және оның сан алуан түрлері бар. Жүзіктің үстіңгі бетіне әр түрлі асыл тастардан, күмістің өзінен көз, балдақ, құс тұмсық орнатылады. Жүзіктің құдағи, балдақ, құстұмсық, отау және т.б. түрлері бар.
Әйелдердің құлаққа тағатын сырғалары әркелкі болып жасалады. Сырғаны бой жеткен қыздар, келіншектер де тағады. Сырғаның айшықты сырға, ай сырға, тұмарша сырға, салпыншақты сырға, қозалы сырға, алтын сырға, күміс сырға деп аталатын түрлері бар. Сырғалардың атаулары негізінен, олардың сыртқы көрінісіне, қандай металдан жасалғандығына немесе жасалу тәсіліне қарай қалыптасқан.