














«Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі» МКҚК
«Арал аудандық тарихи-өлкетану музейі» филиалының тарихы
Арал аудандық тарихи-өлкетану музейі 1988 жылы маусым айының 25 –інде ашылды. Кейін Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 1988 жылғы 5 тамыздағы қаулысымен дербес мемлекеттік музей болып бекітілді. Музей үйі қыш кірпіштен 1954 жылы салынған. Бір қабатты ғимарат, бейімделген. Жалпы ауданы – 1009 ш.м. Ғимараттың көлемі 464 ш.м. Оның ішінде тұрақты көрме залдарының көлемі 355 ш.м., экспонатты сақтау бөлмесі 32 ш.м., бейімделген. Музей орталықтандырылған бу қазандығымен жылытылады.a
Алғашқы директоры соғыс ардагері, Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген мәдениет қайраткері Жасекенов Құдайберген.
Музейде 5 экспозициялық зал бар:
- «Археология мен этнография» залы;
- «Өнер мен әдебиет» залы;
- «Өлке тарихы» залы,
- «Тәуелсіз Қазақстан» залы,
- «Галерея» залы
Этнография және археология залына тартылған теңіз ұлтанынан табылған ертедегі жәндіктердің қаңқалары, ежелгі жануарлардың және ағаштардың тасқа айналған денелері, археологиялық қазбалардың нәтижесінда қазып алынған құмыралар, ыдыстар, бұрынғы ата-бабаларымыздың ұстап- тұтынған мүліктері, киім-кешектері, аналарымыз бен қыз-келіншектердің әшекей бұйымдары, ұлттық әуендік аспаптар, ұлттық ойындар, қазақтың киіз үйі және үй ішіндегі этнографиялық бұйымдар, Сырға белгілі жез таңдай шешен Жақайым Жетес бидің Қазалы уезінен сыйлыққа алған мыс шәйнегі, атақты тігінші Жармағанбеттің Германияда жасалған «Зингер» тігін машинасы, сауда-саттық, Орынбор-Ташкент теміржолының салынуы жәйлі деректер, «Өмір» бөгетінен табылған Алты Алаштың мыс қазаны қойылған.
Өлке тарихы залында балық кәсіпшілігіне байланысты балықшылардың ау-құралдары, балықтың түрлері, Арал теңізінің зерттелуіне байланысты ма- териалдар, Арал теңізінің тартылуы, табиғат, Қамбаш көлі, Барсакелмес аралы, Қарақұм көріністері, Лениннің Арал балықшыларына жазған хаты, осыған орай «Түркірыбтың» аралдықтарға жіберген станогінің макеті, 16 Социалистік Еңбек Ерлерінің, ауданымыздың әлеуметтік саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлердің, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің фотосуреттері мен құжаттары қойылған. Осы залда 1919 жылы ақ гвардияшылардың Кеңестік Түркістанға қарай шабуылы Арал түбінде тоқтатылып, осы жылдың қыркүйек айының 1-і күні Қызыл Армия бөлімдері мен жергілікті жасақшылардың жауды күл-талқан еткендігі туралы «Арал бекінісі» атты панораманыкөруге болады.
Әдебиет пен өнер залы экспозициясы Арал ауданының мәдени өркениетіне арналған.
Нұртуған Кенжеғұлұлынан бастау алатын, Арал теңізі жағалауының топырағынан жаралған, аттарын ауыз толтырып айтуға тұратын жыраулардың, ақын-жазушылардың, термеші-жыраулардың / және басқа да өнер адамдарының фотосуреттері мен шығармалары, қазақ халқының музыкалық ұлттық аспаптары қойылған.
Галерея залында Арал ауданының суретшісі, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Б.Бөкешовтің және облысқа белгілі суретшілердің картиналары орналасқан.
Тәуелсіздік залында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында облыс, аудан жеткен жетістіктерін, ҚР Мемлекеттік рәміздерін, Тұңғыш Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2005 жылғы Арал ауданына сапары жайында және аудан әдебиетін, мәдениетін, өнерін, спорт саласын паш ететін фотосуреттерді тамашалауға болады.