Археология және этнография бөлімі

"Археология және этнография" ғылыми-зерттеу бөлімі қызметі

     "Археология және этнография" ғылыми-зерттеу бөлімі археологиялық және этнографиялық зерттеулер жүргізу, музейдің ғылыми қорындағы құнды экспонаттарға сараптаулар жасап, оларды хаттап-құжаттау, археология және этнография тақырыптарына сай түрлі көрме экспозицияларын жасақтаумен айналысады. Сонымен қатар, археологиялық және этнографиялық экспедициялар ұйымдастырып, облыс аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштерге жүргізілетін қазба жұмыстарына қатысып, археологиялық олжаларды тіркеу жұмыстарымен айналысады.

     Сонымен қатар, этнография саласы бойынша ғылыми ізденістер жүргізу, жинақталған деректерді сұрыптау және нақты тұжырымдар жасау, оларды музей қорына тапсыру, облыс аумағындағы "Сыр өңірі бойынша далалық экспедиция және эмпирикалық зерттеулер" тақырыбында этнографиялық экспедицияларды ұйымдастыру, түрліше тақырыптарға көрмелер мен экспозицияларды жасақтау, мәдени шаралар мен тағылымдық сабақтар өткізу - басты жұмыстың бірі болып табылады. Этнограф ғалымдармен, қолөнер шеберлерімен кездесулер ұйымдастырып, ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізеді. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарында бөлім қызметіне қатысты тақырыптарда ғылыми мақалалар жазу, сұхбаттар беру, қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын насихаттау мақсатында жергілікті телеарналармен біріккен түрде тележобалар ұйымдастыру бөлім жұмысын одан әрі толықтыра түседі.

     "Археология және этнография" ғылыми-зерттеу бөлімі көрмелік жұмыстар бойынша да экскурсанттарға толыққанды ақпаратты жеткізу функциясын жүзеге асырады. Археологиялық және этнографиялық жәдігерлерді экскурсанттар назарына ұсына отырып, олардың тарихқа деген қызығушылығын ояту, ұлттық құндылықтарды насихаттау, жәдігерлердің маңызын түсіндіру және халықтың рухани мәдениетін арттыру.

         Бөлім қызметкерлері облыс аумағы бойынша этнографиялық-фольклорлық экспедициялар ұйымдастырып, музей қорын толықтырып келеді. Облыс аумағындағы ежелгі және ортағасырлық қалашықтарға (Шірік-Рабат, Кескен-Күйік, Жанкент, Асанас, Сортөбе, Қышқала, Сығанақ) жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстарына қатысып, археологиялық фиксациялық жұмыстарға қатысып келеді.  

Қазіргі таңда "Археология және этнография" бөлімі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мектеп туризмін жаңғырту мақсатында "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы" жобасы бойынша Қызылорда облысындағы жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген тарихи-мәдени ескерткіштерге "SACRAL ТУР" тарихи-танымдық экскурсиялар ұйымдастырып келеді. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласының «Тарихи сананы жаңғырту» тарауы бойынша қала жастарын ауылдың тұрмыс-тіршілігімен, негізгі кәсібі  - мал шаруашылығымен, атқа міну мәдениетімен таныстыру, қазақ халқының ауыл шаруашылығына байланысты ұмыт қалған көне сөздерді бала жадында жаңғырту, ұлттық салт-дәстүрді насихаттау мақсатында «VILLAGE LIFE» жобасын жүзеге асырып келеді.

Елбасының «2019 жыл – Жастар жылы» деп жариялауы және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы бойынша "Археология және этнография" бөлімі қазіргі таңда құнды және қолданыстан шықпаған дүниелерге (материалдық және материалдық емес) музей қызметкері көзімен қарап, экспонат ретінде өткізуге мектеп оқушылары арасында «БОЛАШАҚ ЭКСПОНАТ» видеожобасын іске асырып келеді. Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің You tube желісіне жүктелген видео халық үшін тарихи ақпарат көзіне айналып отыр.

 Алтын Орданың 750 жылдығына орай бөлім қызметкерлері "АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ МИКРОӘЛЕМ" атты тимбилдинг ұйымдастырып, жас өрендердің археологиялық олжаларды микроскоппен көруіне, ғылми-зерттеу жұмыстарына қатысуына мүмкіндіктер беріп келеді.

            Елбасының "Рухани жаңғыру" және Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында археологиялық және этнографиялық экспонаттарды халыққа насихаттаудың технологиялық әдісін пайдалана отырып, жергілікті "Qogam TV" телеарнасы арқылы насихатталатын «АСЫЛ МҰРА» тележобасын ұйымдастырды (2020 жыл).

         - Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында музей журналистикасын дамыту, музей тынысымен бөлісу, тарих жанашырлары және музей достарымен сұхбат жүргізу мақсатында видео және аудио форматта ("подкаст" аудиобағдарламасы көмегімен) көруге мүмкіндік беретін теле-радиохабарлардан тұратын "МУЗЕЙ РАДИОСЫ" музейлік жобасын ұйымдастыруда (2021 жыл).

Бөлім қызметкерлері облыстық телеарнамен байланыс жасап, "Қазақстан-Қызылорда" телеарнасының "Таңғажайып табиғат", "Жаңа күн","Қызылорда музейлері", "Үш таған" бағдарламаларында музей қызметі туралы сұхбаттар беріп, музей қорындағы құнды дүниелер тарихымен бөлісіп келеді. Республикалық "Мир", жергілікті Қоғам ТВ телеарналарымен тығыз байланыстар орнатып келеді.

 

Бегім Ана мұнарасы. ІХ-ХІ ғасырлар

Бегім ана мұнарасы Арал ауданы, Қаратерең ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 27 шақырым жерде орналасқан. Мұнараның негізгі мақсаты туралы мәлімет жоқ. Тарихи деректерге сүйенсек, аңыз бойынша бұл ескерткіш күнәсіз айып тағылып, соңынан құсқа айналып, осы мұнараға мәңгілік орныққан ортағасырлық Жанкент қаласының патшасы Шанжардың (Санжар) әйелімен байланыстырылады.

 

Ескерткіш жазықтықтың ортасында биіктеу болып келген алаңға орнатылған. Алғашында кесектен жасалған дуалдары қазіргі кезде, өлшемі 23х235/6 см болатын, күйдірілген кірпішпен айналдыра қаланған. Мұнара әр қыры 2 метр болатын 8 бұрышты құрылысты құрайды. Жалпы биіктігі 10 метр. Жоғарғы бөлігінде мұнараның 8 қыры тарылып, күмбез тәрізді болып қалған. Мұнара төменгі жағының диаметрі 3,5 м, биіктігі 4 м. Бұл бөлмеге ескерткіш биіктігінің ортасына орналасқан арка ойығы алып барады. Камера үстінде еңіс жақтаумен қоршалған алаң орналасқан – пирамида тәрізді күмбез белгіленген. Бүгінде ескерткіш қайта жөндеуден өткізілген. Ескерткіш тарихи-мәдени маңыздылыққа ие, себебі Орта Азия мен Қазақстанның өзге аумақтарында мүлде кездеспейтін мұнара құрылыстарының бірегей түрлеріне жатады.

 

Қиелі жерлер географиясы: Ортағасырлық Жанкент қаласы (ҮІІ-ХІ ғғ.) 

            Елбасының "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақаласы аясында жүргізіліп жатқан "Қазақстанның киелі географиясы" жобасы бойынша  Қызылорда облысынан 12 тарих және мәдениет ескерткіші жалпыұлттық киелі жерлердің тізіміне енді. Солардың бірі Сырдарияның төменгі ағысында орналасқан ортағасырларда "Жаңа Гузия" деп аталған әйгілі Жанкент қаласы.

            Жанкент – ортағасырлардан сақталған көне қала орны (Қазалы ауданы, Өркендеу ауылы). Ортағасырлық саяхатшылар Жувейнидің, Несевидің және Омаридің кейбір еңбектерінде ол «Шаркент» деп те берілген. В.В.Бартольдтің пайымдауынша,                         Х-ХІ ғасырларда Оғыз мемлекеттік бірлестігі билеушілерінің қысқы ордасы болған. Жанкентте 1867 жылы П.И.Лерх және М.К. Приоров кішігірім қазба жұмыстарын жүргізіп, жобасын түсірген. Зерттеуді келесі жылы (1868) В.В. Верешагин жалғастырды. Ал 1946 жылы Хорезм археология-этнографиялық экспедиция (жетекшісі С.П. Толстов) кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қаланың нақты жобасын сызып, әуеден суретке түсірген. Қаланың жобасы шығыстан батысқа қарай созылған, бұрыштары тік келген, көлемі 375х225 м. Солтүстік батыс бұрышында орналасқан цитаделінің көлемі 100х100 м, биіктігі 8м, оның бұрыштарында орналасқан күзет мұнараларының оқ ататын қуыстарына дейін бұзылмаған.

 

Жазба деректерде Жанкент алғаш рет араб тарихшысы Ибн-Рүстемнің еңбегінде аталады. Сондай-ақ араб географы Ибн-Хаукал оғыздардың басты қаласы Жанкент болды, оны ирандықтар Нау-Керде, арабтар Эл-Харият, сарматтар Дахи Нау деп атаған дейді.

Жанкент атауының өзі Янгикент-Жанакент-Жанкент (Жаңа қала) деген мағынаны білдіреді. Жанкент тарихы ғасырлар қойнауында жатыр. Қаланың гүлдену дәуірі ІХ ғасырды ІІ-жартысы мен ХІ ғасырдың алғашқы ширегі. Жанкент шаһары-аумағы 15-20 гектар, егіншілігі, саудасы мықтап өркендеген қала болды. Қала маңындағы ирригациялық жүйелер егіншіліктің шаруашылықтағы негізгі басты саласы болғандығын әйгілеп тұр.

 

Жанкенттің шығыс пен батысты жалғастырып жатқан Ұлы Жібек жолы бойындағы тоғыз жолдың торабына орналасуы қаланың географиялық, экономикалық маңызын арттыра түсті.

Жанкент ХІ ғасырда өмір сүруін тоқтатқан. Ол туралы ел аузында әртүрлі деректер, аңыз-әңгімелер сақталған. Алайда, археологтардың айтуынша тұрғындары қаланы тастап, басқа аймаққа көшкен.

 

            Бүгінгі күні Жанкент қалашығы туристік нысандардың бірі болып табылады. Қала жұртына 2005 жылдан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында, 2014 жылдан облыстық бюджет есебінен кешенді археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Қазба жұмыстарын Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жүргізуде. Қазақ тарихында маңызды орын алатын оғыз мәдениетінің орталығы Жанкент қалашығын ЮНЕСКО-нің Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу жұмыстары жүргізілуде. Әкімдік тарапынан оның қорғау аймағы, менеджмент жоспары мен ғылыми құжаттамалары әзірленді. Қазіргі таңда ескерткіш ЮНЕСКО-ның алдын-ала тізіміне алынған.

+7-7242-263252

Сұрақтарыңыз бар ма?

Бізге хабарласыңыз немесе хат жазыңыз

Хат жазу