18 мамыр - Халықаралық музейлер күніне орай Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен Сыр елінде алғаш рет «Алтын адам» бірегей археологиялық жәдігерлерінен «Алтын киімді Ұлы дала елі» атты көрмесінің ашылу салтанаты өтті.Шараны Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы Байманов Шахмардан Асқарұлы ашып, Сыр жұртшылығының Ұлы даланың жауһар жәдігерлерімен танысуына мүмкіндік алғандығына қуанышын білдіріп, алғыс айтты. Сөз кезегінде Қызылорда облысының ардагерлер кеңесінің төрағасының орынбасары Шәменов Өмірбек Мөрәліұлы бабаларымыздың алтын жалатылған сауытпен жерленуі – біздің ежелгі дәстүрден тамыр тартар төл мәдениетіміздің осал еместігінің көрінісі екендігін айтты.Көрмеге еліміздің ерте дәуірдегі мәдениетін, тарихын айқындайтын ұлттық құндылықтарымыз «Арқаның Алтын адамы» мен Алтын Орда дәуіріне жататын гипперреалистік кейіптегі Болған Ана бейнесі, Батыс өңірінің «Сармат көсемі» мен «Тақсай Ханшайымы» сынды «Алтын адам» бірегей археологиялық жәдігерлері қойылды.
