Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қызылорда облысының 85 жылдығына арналған Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында сақталған құнды жәдігерлерден ұйымдастырылған «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.
Көрмені Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Нілдібаев Ерлан Мекежанұлы ашып, қазақ тарихында өзіндік үлкен рөл атқаратын Сыр өңірінің терең тарихы жайлы, сондай-ақ шандоз тарихтың куәсі - музей экспонаттарының құндылығы, келер ұрпаққа берер өнегесі туралы сыр тарқатты. Одан соң, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Көзейбаев Сапар Алиясқарұлы сөз сөйлеп, екі мекеме арасындағы мәдени ынтымақтастық пен байланыс ретіндегі аталмыш көрме Қарағанды облысы мен Сыр жұртшылығы үшін тың серпіліс, рухани нәр, тарихи байланыс болып қалыптасатындығын жеткізіп, естелік сый тарту етті.
