Басты бет

Енгізілді: 20.07.2019Өзгертілді: 04.11.2019Қаралғаны: 31 рет
"Village life" жобасы

"Village life" жобасының он бірінші сапары Ж.Қизатов атындағы №11 мектеп-лицейінің үздік және табысты оқушыларының қатысуымен 2019 жылдың 20 шілдесінде Шиелі ауданы Ы.Жақаев ауылдық округінде жалғасын тапты. Оқушылар Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейі, Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейі, Н.Бекежанов мемориалды өнер музейімен және ондағы құнды бірегей жәдігерлермен танысты. Ауылдың құрметті азаматы, еңбек адамы Нұрлан Махмұтұлы ауылдың тыныс-тіршілігін баяндап, мал шаруашылығының қыр-сырымен бөлісті. Аудандық музей қызметкерлері ауданның тарихымен, ауылдың тарихи тұлғаларымен таныстырды. Жоба аясында батыр ана Жәрімбетова Шырын жүн сабау, ұршық иіру, құрақ көрпе жасау технологиясын көрсетті. Балалар диірмен тартып, бидайдан ұн алып, ұннан ыстық нан пісірді. Ауылдың дәмді асы - май қосылған ыстық нанды ортаға алып, дәм татты. Нұрлан ақсақал мен Гүлсара апамыздың шаңырағында болған оқушылар қымыз дайындау мен құрт жасауды үйренді. Нұрлан Махмұтұлы жас өрендерге ат әбзелдерін таныстырып, мал төлінің күтіміне байланысты ырым-тыйымдар туралы танымды әңгімелер айтты. Айнаш Ыдырысқызы оқушыларға бие саууды көрсетіп, саумал алудың әдіс-тәсілдерін үйретті.