Коллекциялар

Зергерлік бұйымдар топтамасы 

Сақина - әсемділігіне, салтанаттылығына ерекше мән берілетін қазақ әйелдері ежелден киімнің тәуірін киіп, әшекейдің асылын таққан. Қазақ әйелдерінің ежелден қасиет тұтар күнделікті тағып жүретін әшекейінің бірі - жүзік. Жүзіктердің қалыбы да әр түрлі, құдағи жүзік, құстұмсық жүзік, отау жүзік т.б. түрлері бар.Құстұмсық жүзік - бақыттылықтың, тәуелсіздіктің, еркіндіктің белгісін білдіретін, бойжеткен қыздар тағатын жүзік. Жүзіктің саусақ ұшына қарайтын жағы құс тұмсығы тәрізді сүйір болып келетін түрі.   Күмістен жасалған бұл жүзікті кейбір өңірде құсмұрын жүзік деп те атаған. Құстұмсық жүзіктің пішіні мен ою-өрнектері еркіндік пен бақыттың нышаны ретінде танылады. Ертеде ұзатылған қыз белгілі бір уақыттан кейін төркініне сәлемдеме жібереді екен. Сәлемдеме жер шалғайлығынан туған хабар алысудың бір түрі болған. Жазу-сызу болмағандықтан ұзатылған қыз өз жағдайын түрлі бұйымдар мен ою-өрнек арқылы білдірген. Сәлемдемеге құстұмсық жүзік келсе немесе құсты бейнелейтін оюы бар бұйымдар (тұскиіз, басқұр және т.б) келсе, төркін жұрты қыздың барған жерінде құстай еркін, бақытты өмір сүріп жатқанын түсінген. Бұл жүзіктің бетінде қызыл көзі орналасқан. Көздің айналасын қоршай ирек сызықтар бейнеленген. Музей қорына 1983 жылы қабылданған.     

Қапсырма – қамзол , кәзекей, кеудеше тәрізді әйелдердің сыртқы киімінің екі өңірін бір-біріне қаусырып тұратын ою-өрнекті, сіркелі, асыл тасты, асты ілгекті күміс әшекей. Оның астынғы бетіне киімнің екі өңірін бір-біріне бекітетін ілгек орнатылады. Қапсырма құстұмсықтанып келген, бетінде гүл секілді ою-өрнектері бар. Күмістен жасалып, оюдың ішкі беттеріне алтын түстес сары боя жағылған. Музей қорына 1981 жылы қабылданған.

Білезік -  тағылатын әшекейлі, сәндік бұйым. Білезік сөзінің түп-төркіні білек және жүзік сөзінен туындаса керек. Білезік қымбат металдардан жасалады. Білезіктің көлемі, пішіні, әшекейі әр алуан болады. Оған асыл тастардан көз орнатылады, алтын не күміс жалатып, лажылап, эмаль бағдарлап та соғады.  Оның құйма білезік, қос білезік, қуыс білезік, бес білезік, топсалы білезік, бұрама білезік, жалпақ білезік, сом білезік, жұмыр білезік, өбістірме білезік, т.б. түрлері көп. (Білезік – әйелдер күнделікті тастамай тағып жүретін ең сүйікті әшекейлерінің бірі, онсыз олар өзін нашар сезінетін болған. Әдетте жұп білезік салады, кейде екі қолына қос-қостан білезік таққан. Бұл құйылып жасалған қос білезік. Салмағы ауыр, бетінде гүл жапырақшасы тәрізді өрнектер бейнеленген. Жиектері қырланған. Музей қорына 1981 жылы қабылданған.

Бойтұмар  – ырымдық зат. Оған кез-келген бұйым (ұлутас, сүйек, т. б. ) немесе арнайы жасалған қымбат заттар да алынған, оларға жазу жазылып, бедер суреттер түсірілген. Бойтұмарды алқаға, кішкене қорапшаға, әмиянға салатын болған. Болмаса былғарыдан, шүберектен жасаған қалташаға тігеді. Үлкендігі мен пішіні әртүрлі болады. Ол көз тиюден, пәле-жаладан, апаттан қорғайды деп сенген. Күмістен дайындалған тұмар екі бөліктен құралған, бір-біріне қапсырылып жабылады. Астыңғы жағында үшбұрышатан келген салпыншақтары бар. Бетінде ромбы етіп салынған өрнектері бар. Музей қорындағы құнды жәдігерлердің бірі.

+7-7242-263252

Сұрақтарыңыз бар ма?

Бізге хабарласыңыз немесе хат жазыңыз

Хат жазу