Тарихы

Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейі филиалы

Қармақшы ауданы әкімдігінің 2015 жылғы 27 сәуірдегі №704 қаулысымен аудандық тарихи-өлкетану музейі мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын болып құрылды. 2015 жылдың қыркүйек айында жаңа ғимарат пайдалануға берілді.

         Музей ғимараты қыштан салынған, екі қабатты. Бірінші қабатында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі орналасқан. Музейдің жалпы көлемі – 1283,91 шаршы метр, оның ішінде «Өлке тарихы» залы –267,49 ш/м, «Тәуелсіз Қазақстан» залы – 65,10 ш/м, музей қоры – 64,98 ш/м құрайды.

2016 жылы қараша айында аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, экспозиция жұмыстары жүргізілді. Осы жылдың желтоқсан айында музей залдарының экспозициялық жұмыстары толық аяқталып, музейдің «Өлке тарихы» және «Тәуелсіз Қазақстан» залдары ашылып, музей келушілеріне өз қызметін көрсетіп келеді.

Музей қызметінің негізгі мақсаты – музей жәдігерлері мен коллекцияларын сақтау, зерделеу және көпшілікке көрсету, мәдени, білім беру және ғылыми-зерттеу функцияларды жүзеге асыру және Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасын көпшілікке таныту болып табылады.

Түрлі мазмұндағы коллекциялар көрерменге өлкеміздің ежелгі, ортағасыр, жаңа және қазіргі заман тарихы мен мәдени мұрасы жайлы толыққанды мағлұмат алуға мүмкіндік береді. Жалпы музей экспозициясы аймағымыздың бүкіл тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетінің ежелгі дәуірден бастап қазіргі кезеңге дейінгі «музейлендірілген» моделі болып табылады. Ауданның тарихы, археологиясы, этнографиясы, табиғаты бойынша музей жинақтамасы бүгінде 6000-нан астам жәдігерлерді құрайды. Олардың үздіктері экспозициялық залдарда музей келушілеріне ұсынылған. Музей жәдігерлерінің ішіндегі ең құнды, маңызды жинақтары ол – археология классификациясына біріктірілген, керамикалық қыш құмыралар. Қордағы қыш бұйымдар көне дәуірлердегі шеберлердің ыдыс формаларының бірнеше түрін жасау технологиясын жете меңгергендіктерін көрсетеді. Қорымыздағы осындай халқымыздың рухани байлығы, көне құнды жәдігерлерімізді зерттеп-зерделеп халық игілігіне ұсынып, ғылыми айналымға ендіру музей ісінің негізгі жұмыстарының бірі.

Көне тарихи құндылықтарымыздың сақталатын да, халыққа таныстырылатын да бірден-бір орны музей дейтін болсақ кез-келген елге барғанда адамдар сол елдің тамыры тереңде жатқан тарихымен танысу үшін музей аралайтыны белгілі. Осындай тамыры тереңде жатқан небір құнды  жәдігерлер сақталған, аудан тарихынан сыр шертетін мәдени орын  Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейінің экспозициялық залдарында өлкеге тікелей қатысты деректер қамтылған.

+7-7242-263252

Сұрақтарыңыз бар ма?

Бізге хабарласыңыз немесе хат жазыңыз

Хат жазу