Тарихы

Жалағаш аудандық тарихи-өлкетану музейі филиалының тарихы

Жалағаш аудандық тарихи-өлкетану музейінің жылнамасы ХХ ғасырдың 80-ші жылдарынан басталады. Көне тарихқа көз жүгіртсек, ауданда алғаш рет музей ашу жұмыстары 1988 жылы қолға алынып, сол  жылы біршама жұмыстар атқарылғанымен, кейінгі уақытта түрлі себептермен аяқсыз қалған  болатын. З.Салықбаев, М.Ілиясов, М.Аяпов, Ж.Сарбалаев сынды ауданның бірқатар зиялы қауым өкілдері бір музейдің ауданға қажеттігі жөнінде жергілікті «Жаңадария» газетінің беттерінде қайта-қайта мәселе көтеріп, ақыры сол кісілердің мұрындық болуымен 1988 жылдың 30 шілдесінде халық депутаттары аудандық Кеңесі атқару комитетінің №373 санды Қаулысы шығады. Онда аудандық мәдениет үйі жанынан музей ашу жөнінде айтылған еді. Оған жауапты бір адам бекітіліп, сол жылы ауданның елді мекендерінен музейлік маңызы бар құнды жәдігерлер жинақталады.   
     Аудандық «Жаңадария» газетінің әдеби қызметкері Ахмет Тілеулиев пен еңбек ардагері Орынбай сол жылдары ауданның елді мекендері, Қарақұм мен Қызылқұм бағыттарына бірнеше мәрте экспедицияларға шығып, түрлі жәдігерлерді жинақтап, оларды аудандық мәдениет үйінің арнайы бөлінген бір бөлмесіне сақтағанымен, музей үшін арнайы жеке ғимарат бөлу, музейдің тақырыптық-экспозициялық жоспарын жасау, сол жоспар бойынша экспозиция жасақтау жұмыстары түрлі себептермен кейінгі жылдарға ысырылып, ақыры аяқталмай қалады. Сол жылдар аралығында жиналған біршама құнды заттар, құжаттар мен суреттердің бірсыпырасы кейін үшті-күйлі жоғалып кетеді.  
     Жалағаш ауданының 60 жылдық мерейтойына орай, яғни 1998 жылдың аяғында аудандық музейді ұйымдастыру жұмыстары қайта жанданып, сол кездегі аудан әкімі Қ.Баймахановтың Қаулысымен Жалағаш кентіндегі бұрыңғы Абай атындағы кинотеатрдың ғимараты жаңадан ашылатын музей балансына беріледі. Аталған ғимарат 1957 жылы күйдірілген қызыл қыштардан бір қабатты етіп, өткен ғасырдың 40-50 жылдарындағы КСРО-дағы қоғамдық-мәдени ғимараттардың типтік жобасымен қаланып, кентіміздің орталық алаңын көркейтіп тұрған архитектуралық ғимараттардың бірі. Ғимараттың қасбеті биік екі колоннаның үстінде орналасқан портик арқылы ерекшеленеді.      
     Ғимаратты қазіргі заман талаптарына сай музей етіп қайта жасақтап шығу үшін аудан әкімі Жалағашқа Алматы қаласынан «Заман–Ту» дизайнерлік фирмасын шақырып, олармен келісім шартқа отырады. Аталған фирманың директоры, жерлесіміз Нағашыбек Әлішарипов те Қожекеңнің ұсынысын қызу қолдап, өз жігіттерімен бірге қолдарын сыбанып жұмысқа кіріседі.  
     Ахмет Тілеулиев біздің ауданға көмекке жіберілген облыстық музейдің ғылыми қызметкерлері Назира Жақауова және Тынымгүл Тоғызбаевалармен бірге арнайы бөлінген көлікпен қайтадан елді мекендерді аралап, экспонат жинақтауға кіріседі. Сол жинақталған экспонаттардың негізінде Ахмет Тілеулиев музейдің тақырыптық-экспозициялық жоспарын жазып шығады.   
     Аталған жоспар бойынша жасақталған музейдің жаңа экспозициясы тұңғыш рет 1999 жылдың 4 қараша күні ашылып, аудан әкімінің 1999 жылғы 10 қарашадағы №144 санды шешімімен аудандық тарихи-өлкетану музейі аудан халқына қызмет ете бастады. Оның директоры болып Ахмет Тілеулиев тағайындалады. 
     Сол жылы жас ұрпақты отаншылдық және туған жерге деген адалдық рухында тәрбиелеу мақсатында Ұлы Жеңістің 60 жылдығы, Қарақұм көтерілісінің 70 жылдығы, «Музейге сый» акциясы секілді көптеген іс-шаралар атқарылды.   

     Мысалы, 2000 жылдың күзінде «Сыр мәдениеті–жаңа ғасырда» облыстық бағдарламасы аясында музейімізде аудандық музейлер арасында алғашқы болып көркемсурет залы ашылды. Залда ауданға белгілі суретшілер К.Баталов пен Б.Тұрабаевтың бейнелеу өнерінің реалистік, абстракты, сюрреалистік жанрларына жазылған туындылары көрініс тапты.    
     2000 жылдың қазан айында музейде «Қамқор» акциясы аясында» атты қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, одан түскен қаржыға музейге жиһаз және кеңсе жабдықтары мен көптеген құнды жәдігерлер сатып алынды. Аудандық мәдениет бөлімі тарапынан музей балансына бір «Уаз» автомашинасы берілді. 

     Қазіргі таңда 21 жылдық тарихы бар аудандық музей бағзы замандарда аудан көлемінде өмір сүрген ата-бабаларымыздың тарихы туралы сыр шертетін асыл мұралар мекені. Оның  қорында 7,5 мыңнан астам экспонат сақталуда.  

     Музейде аудан көлемінің 70-67 млн. жылдан бергі (археозой эрасынан мезозой дәуірінің бор кезеңінен) геологиялық тарихынан бастап, ауданымыздың қазіргі заманғы тарихы, мәдениеті мен өнерінен сыр шертетін 2 зал мен көрме залы жұмыс істеді. Экспозицияға қойылған экспонаттар хронологиялық ретпен орналастырылып, ауданымыздың құрылуы, тарихы, ауылшаруашылығы мен мәдениеті жайлы сыр шертіп, көрермендердің үлкен қызығушылығын тудырып келеді. Музей қызметкерлері ауданның сан ғасырлық тарихын зерттеп, зерделеу, аудан көлеміндегі тарихи-мәдени мұраларды жинақтап, музей қорын құнды экспонаттармен толықтыру және жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу бағытында өз жұмыстарын ұйымдастырып келеді.         
     Сонымен қатар, музей залдарында кездесулер, түрлі тақырыптарға көрмелер, ашық тақырыптық және экскурсиялық сабақтар мен т.б. мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. 

     Бірнеше жылдан бері аудандық музейде «Туған жерге саяхат» кіші музейлік туризм жобасы іске  асырылуда. Бұл бағытта аудан көлемінде орналасқан ежелгі және ортағасырлық тарих және мәдениет нысандарының экскурсиялық жол картасы мен  маршруттық карта-схемалары әзірленіп, өскелең ұрпақты туған өлкеміздің көрікті жерлері мен бірқатар тарих және мәдениет  ескерткіштерімен таныстыру, әр ғасырларда аудан өңірінде өмір сүрген тарихи тұлғалардың өмірі мен ерлік жолдарын өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге ету мақсатында тарихи-танымдық экскурсиялар ұйымдастырылады. Аудандық музейге жинақталған экспонаттар негізінде 2014 жылы Бұқарбай батыр атындағы ауылда Бұқарбай батыр атындағы тарихи үйінің экспозициясы жасақталып, ашылды. Қазіргі таңда аталған мекеме 4 штаттық бірлікпен аудандық музейдің филиалы ретінде толыққанды жұмыс істеуде.

2019 жылы облыстық мәдениет мекемелерін оңтайландыру мақсатында аудандық тарихи-өлкетану музейі облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы болып қайта құрылды.

    Музейдің жалпы алаңы– 449,5 ш.м. Оның ішінде: экспозицияға арналғаны –349,1 ш. м. Қор бөлмесі–32 ш. м.                                                    

+7-7242-263252

Сұрақтарыңыз бар ма?

Бізге хабарласыңыз немесе хат жазыңыз

Хат жазу