Тарихы

Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі

      Орта Азия мен Қазақстанда жастар ұйымын талантты ұйымдастырушыларының бірі, көрнекті қоғам қайраткері,  өз заманының патриоты, Қазалы топырағының даңқты перзенті Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі 1968 жылғы 7 қарашада Қызылорда облысы, Қазалы аудандық Кеңесінің шешімімен ашылды. Музейге ХІХ ғасырдың соңында Сібірден әкелінген ағаш бөренелерден тұрғызылған орыс саудагерінің  үйі болған, кейін Кеңес өкіметі орнаған жылдары бірінші сайланған Еңбекшілер  депутаттары Қазалы қалалық Кеңесінің кеңсесі орналасқан ғимарат берілді (бұл ғимарат республикалық санаттағы ескерткіштер қатарында).

Музей Қазалы қалалық кітапханада 1967 жылы ұйымдастырылған мүйіс-көрме негізінде ашылды. Бұл мүйісті ұйымдастыруға ұстаздар М.Жанұзақов,                             Б.Құлсейітов, кітапханашылар С.Төлегенов, Ж.Төлеповалар атсалысты.

 Ғаниға қатысты көптеген құжаттар мен суреттер Алматыда тұрған зерттеуші-журналист Сейілхан Асқаровтан сол жылдардағы аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Теңел Жұмабаев арқылы алынды.

1979 жылдан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы болып жұмыс істеген Ғани музейі Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің 30.04.1981 жылғы және Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының 19.06.1981 жылғы №107-ші бұйрығына сәйкес өз алдына отау құрды.

1981-84 және 1991-92 жылдары қосымша құрылыстар жүргізілді.  Ғани Мұратбаевтың 75, 80, 90, 100, 110 жылдық, музейдің 30, 40, 50 жылдық мерейтойлары республикалық деңгейде аталып өтті. Сондай-ақ, музейдің ашылғанына   50 жыл толуына орай “Рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру бағытындағы музейлердің рөлі” атты республикалық ғылыми-танымдық конференция өткізілді.

Ғанидың 100 жылдық мерейтойы кезінде Мәскеу қаласындағы Ваганьков зиратындағы қабірінен топырақ әкелініп музей экспозициясына қойылды.

Музей қызметкерлері Ғани Мұратбаевтың 105 жылдық мерейтойы қарсаңында ол туралы жазылған өлеңдер мен поэма-толғаулардан және әндерден құрастырылған «Мен – Ғанимын!», 2008 жылы музейдің негізі қаланғанына 40 жыл толуы қарсаңында музей тарихынан  «Ғани тағылымы», 2012 жылы Ғанидың 110 жылдық мерейтойы құрметіне «Ғани» атты жинақтарды баспадан жарыққа шығарды. Бұл кітапқа музей қорындағы Ғанидың замандастары мен серіктестерінің естеліктері, Ғанидың мерейтойларынан баспасөз беттерінде жарияланған репортаждар және Ғани өмірін зерттеушілер мен ізбасарларының еңбектері енді. 2014 жылы «Қазалы қаласының көшелері», 2017 жылы «Ғанидың қазалылық ізбасарлары», 2018 жылы музейдің негізі қаланғанына 50 жыл толуы құрметіне орай музей қорындағы экспонаттар мен атқарылған жұмыстар туралы мәліметтер, фотосуреттерден  «Ғанидың қара шаңырағы» атты альбом-жинақтар  шығарылды.

Музей жас жеткіншекті Ғани рухында тәрбиелеуге, оның жалынды өмірі мен қоғамдық қызметін насихаттау мақсатында жұмыс жүргізуде. Жыл сайын Ғанидың туған күндері «Мәңгілік шырқар жырымсың» атты дәстүрлі жас ақындар мүшәйрасы мен кіші футбол жарысы ұйымдастырылады. Сонымен қатар, атаулы күндері іс-шаралар өткізіп, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды насихаттау, еңбек адамдарын дәріптеу, Батыр аналарды таныстыру, соғыс ардагерлерін құрметтеуді жас ұрпақ бойына сіңіруде жұмыстар атқарып келеді.

Экспонаттар мен музейге келушілер саны жыл сайын өсуде. Ғани рухына тағзым етушілер қатарында ТМД елдерінің түкпір-түкпірінен келген аудан қонақтары, мемлекет және  қоғам қайраткерлері бар. 1986 жылы Қазақ КСР Министрлер  Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жұмыс бабындағы Қазалыға келген сапарында Ғани музейінде болып, қолтаңба қалдырды. Сондай-ақ, 2005 жылы Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Оралбай Әбдікәрімов, 2008 жылы Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының алғашқы Мемлекеттік хатшысы Әбіш Кекілбаев, 2018 жылы ауған соғысының ардагері, генерал-майор Әлімжан Ерниязов,  2019 жылы алтын медальге иеленген қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, грек-рим күресінің палуаны Жақсылық Үшкемпіров және ауданымызға келген құрметті қонақтар музейге келіп, Ғани рухына тағзым етеді.

            1968 жылы музей алғаш ашылғанда 200 жәдігер, 3 зал  болса, 2015 жылдың                             1 қаңтарына музей қоры 6624 жәдігерге жетті. 2015 жылдың ақпан айында өлке тарихына қатысты 4015 жәдігер аудан орталығы – Әйтеке би кентінде  ашылған аудандық өлкетану музейіне берілді. Бүгінгі таңда (01. 01.2021 ж) музей қорында 3727 экспонат бар. Музейде бұл күнде жеті экспозициялық, бір көрме және «Тәуелсіз Қазақстан» залы жұмыс жасайды. Ғанидың балалық шағынан бастап өмір жолы, ақтық сапарға аттандыру  шаралары осы залдарға кезең-кезеңімен орналастырылған. Сондай-ақ, музей қорында оның өз қолымен жазылған хаттары, көпшілікке беймәлім құжаттары мен фотосуреттері бар. Сонымен бірге онымен қызметтес болған серіктерінің, замандастарының естеліктері мен кітаптары да табылады.  

    Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейінде 9 адам жұмыс жасайды, оның 3-уі шығармашылық қызметкерлер

            Музейде 2016 жылдан бері «Жас ғанитанушылар» үйірмесі, сондай-ақ, музей жанынан ұйымдастырылған үш буын өкілдерінен құралған «Өнеге» бірлестігі тұрақты түрде жұмыс жасап келеді.

+7-7242-263252

Сұрақтарыңыз бар ма?

Бізге хабарласыңыз немесе хат жазыңыз

Хат жазу