Тарихы

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің

С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясы

Қазақ бейнелеу өнері - көркем кескіндеме, мүсіндеме, графика, сән және қолданбалы өнер салаларын қамтитын, ұлттық дүниетанымға негізделген көркем өнер. Қазақ Бейнелеу Өнерінің бұқаралық ең ежелгі түрі – халықтың қолөнері болып табылады.

ХХ ғасырдың 20-30 жылдары Қазақ бейнелеу өнері шеберлері кескіндеме мен графиканың кәсіптік шеберлігін меңгерді. Олар: (Н.И.Крутильников, Ә.Қастеев, Ә.Ысмайылов, И.И. Савельев, Б.Сәрсенбаев, Қ.Қожықов, т.б.) өздерінің қарапайым мазмұнға құрылған алғашқы еңбектерінде елімізде болып жатқан өзекті өзгерістерді бейнелеуге ұмтылды.

Қазақ Бейнелеу өнерінің дамуына - А.Ғалымбаева, Г.Ысмайылова, Қ.Телжанов, М.Кенбаев, С.Мәмбеев, Ә.Жүсіпов, С.Романов, А.М. Степанов, К.Шаяхметов, Ү.Әжиев, т.б. суретшілердің тақырыптық картиналары үлкен үлес қосты. Ауыл тақырыбы көптеген Қазақстан суретшілерінің назарында болып, әсіресе, шығармашылық жолын 60-70-жылдары бастаған шеберлердің ең басты тақырыбына айналды. С.Айтбаев, Ш.Сариев, Т.Тоғызбаев, Ә.Садыханов, О.Нұржұмаев, А.Ақанаев шығармаларына өзіндік дүниетаным, өмірді кең көлемде тани білу, символикаға құштарлық тән болды.

Галерея ғимараты ХІХ ғасырдың аяғында салынған облыстық әскери комиссариараттың шақыру пункті, яғни бұрынғы казарма ғимараты болған. 2014 жылдың қараша айынан бастап галерея жұмыс жасауда. Қорда 634 жуық Қазақстанның белгілі суретшілерінің туындылары сақталған, экспозиция үш залдан тұрады.

Галерея төріне елімізге әйгілі суретшілер Әбілхан Қастеевтің, Г.Хлудовтың, Г.Исмаилованың, А.Ғалымбаеваның, С.Сенчихиннің, Қ.Мамақовтың, Қ.Қожықовтың және Қазақстан бейнелеу өнеріне өзіндік үлес қосқан, Қазақстан суретшілер Одағының мүшелігіне енген жергілікті қылқалам шеберлерінің қолынан шыққан туындылар орналастырылды. Қазіргі таңда галерея өз өнертанушыларын елге танымал туындылармен таныстыруда. Көркемсурет галереясының ашылуына байланысты қажетті шаралар жүргізіліп, галереяның 1 қабатына 489,7 ш.м. аумақ беріліп, онда киім шешетін орын (гардероб), қор бөлімі, қызметкерлерге арналған 2 бөлме орналастырылды. 192,1 ш.м. аумақты қамтитын 2 қабатта қылқалам шеберлерінің шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік беретін 6 шеберхана берілді.

Галерея қорында қазіргі таңда Қазақстанның белгілі және жергілікті суретшілерінің 600-ден аса туындылары сақталған. Галерея ашылған күннен бастап, елімізге белгілі және жергілікті қылқалам шеберлерінің жеке шығармашылық көрмесін ұйымдастырып келеді. Өз кезегінде галерея түрлі жас суретшілермен, мектеп оқушыларымен байқаулар өткізеді. Сонымен қатар фото көрмелер мен түрлі лекциялар, тақырыптық экскурсиялар өтіліп тұрады. 2017 жылы галереяның ұйымдастыруымен Республикалық суретшілер симпозиумы өтсе, 2019 жылы халықаралық суретшілер симпозиумы өткен болатын. Осы симпозиум барысында көркемсурет галереясына кескіндемеші, график-суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Қызылорда облысының тумасы Салихитдин Айтбаевтың есімі берілді.

Алматы қаласынан  арнайы «Музейге сый» акциясы аясында Салихитдин Айтбаевтың тұтынған заттарын әйелі Қожабекова Ләззаттан және замандас достары Мукатов Табылды мен Есімғали Жумановтардан әкелінді. Әкелінген экспоноттардан экспозиция бұрышы жасақталып «С.Айтбаевтың көрме залы» ашылды.

С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясы жанында жанынан қатысушының көркемдік талғамын дамытатын, баланың өз ойын еркін бере алатын, эмоциялық - сезімдік әлемін дамытатын ерекше орта - ИЗО студия бөлімі  ашылып, жұмыс жасауда. Изо студия оқушыларына бейнелеу өнерінің түрлі жанрларында дәрістер беріледі.

+7-7242-263252

Сұрақтарыңыз бар ма?

Бізге хабарласыңыз немесе хат жазыңыз

Хат жазу