Коллекциялар

Археология коллекциясы

Мыс қазан Тоқабай елді мекенінің тұрғыны, тракторшы Әбжами Түлкібаевтан 1991 жылы 250 сомға сатып алынған. Мұны ол жол үстінде, малшылар ауылын көшіріп жүргенде тауып алған. Қазан үй тұрмысына пайдалануға арналған. Үлкен көлемде сынған (жарылған) жері бар. Тұтқасының екі ұстайтын жерінде үш-үштен шар тәріздес – Алты Алаштың белгісін білдірген. Сыртқы бөлігінде төрт ою бар. Бір жағындағы жарық ұзынша, оны қалың етіп жабыстырған. Қазан орналасатын орындығы фигуралық формада жасалған, сынған, майысқан,тот басқан. 

Ұзындығы 138 см., д – 55 см.

Жетес бидің шәйнегі

      Жақайым Жетес би Қыстаубайұлы – Сыр өңірінің билік-шешендік дәстүрін жалғастырушы билердің бірі. Ел ішіндегі даулар мен айтыстарды реттеп, халқына қызмет етіп, әділ төрелікке жүгінген.     Музей қорына 1991 жылы би-шешен Жетес би Қыстаубаевтың үй тұрмысында пайдаланған мыс шәйнегі алынған. Ұстайтын жері шәйнекке қозғалмалы болып дәнекерленген. Шүмегі құстұмсықты, астыңғы жағы отқа қоюға ыңғайлы етіп жасалған. Диаметрі 30см. Өлшемі 5 л.

     Қазалы Уезінің генерал-губернаторы Жетес биге сыйға берген. 1991 жылы бұл шәйнекті бидің кіші баласы Алғазы Жетесов музей қорына тапсырған.

Торсық - ХХ ғасырда қазақ халқының тұрмысында айшықты орын алатын қымыз, шұбат, айран сынды сусын құюға арналған және алып жүруге ыңғайлы ыдыс. Торсықты малдың терісінен жасайды. Оның бір ерекшелігі – сусынның табиғи қалпы мен дәмін сақтап тұрады. Сондықтан ол кезінде бүгінгі қолданыстағы тоңазытқыштың орнын ауыстырған. Ол ежелден келе жатқан қолөнер туындысы.  Музей қорына бұл торсық 2000 жылы тапсырылған.

Этнография коллекциясы

   Арал аудандық тарихи-өлкетану музейінің қорында 992 дана этнографиялық экспонаттар коллекциясы қазақ халқының сан ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмысы мен дүниетанымдық көзқарастарынан, бай рухани және материалдық мәдениетінен сыр шертеді. Музей экспозициясында тұрмыстық және халықтық қолданбалы өнері бұйымдары, қазақ халқының киім-кешектері, ат-әбзелдері, қазақ халқының зергерлік бұйымдары музей көрермендерінің назарына ұсынылған. Сонымен қатар музей қорында қазақ мәдениетінің бірегей символы – киіз үй жабдықтары сақтаулы.

       Музей қорында 270 дана зергерлік бұйымдар бар.

Сүйек домбыра

Домбыра бірыңғай сүйектерден жасалынған. Ұзындығы 72 см, ені 16 см. 

Домбыра жасауға тайлақ, ешкі сүйектерін пайдаланған.  Шанағы ең алғашқыда ірі қараның мүйізінен жасалынған, кейін сынып қалып, фанерден құрастырған. Мойыны асық жіліктерден, құлағы киіктің баласының сүйегінен жасалған. 1992 жылы музей қорына домбыраны жасаушы, ҚР Суретшілер және Қолөнершеберлер одағының мүшесі, зергер-ұста Құдайберген Күлмамбетов  тапсырған.

+7-7242-263252

Сұрақтарыңыз бар ма?

Бізге хабарласыңыз немесе хат жазыңыз

Хат жазу