Залдар

«Археология және этнография» залында археологиялық қазбалардың нәтижесінда қазып алынған қыштан жасалған құмыралар, ыдыстар, бұрынғы ата-бабаларымыздың ұстап-тұтынған мүліктері, киім-кешектері, аналарымыз бен қыз-келіншектердің  әшекей бұйымдары, ұлттық әуендік аспаптар, ұлттық ойындар, қазақтың киіз үйі және үй ішіндегі этнографиялық бұйымдар, Сырға белгілі жез таңдай шешен Жақайым Жетес бидің Қазалы уезінен сыйлыққа алған мыс шәйнегі, елін жаудан қорғаған батырлардың фотосуреттері, белгілі күйші Қаппар Жармағамбетовтің әкесі, атақты тігінші Жармағанбеттің пайдаланған «Зингер» тігін машинасы, сауда-саттық, Орынбор-Ташкент теміржолының  салынуы жәйлі деректер мен «Өмір» бөгетінен табылған Алты Алаштың мыс қазаны, ҚР Суретшілер және Қолөнершеберлер одағының мүшесі, зергер-ұста Құдайберген Күлмамбетов-тің жасаған қазақ батырларының қару-жарағы, ат-әбзелдері, т.б. қойылған.

«Өнер мен әдебиет» залында Нұртуған Кенжеғұлұлынан бастау алатын, Арал теңізі жағалауының топырағынан жаралған ақын-жазушылардың, термеші-жыраулардың, сазгерлердің, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлерінің, ҚР-ның Мәдениет қайраткерлерінің, қолөнер шеберлерінің, суретшілерінің фотолары,  шығармалары қойылған. Қазақ халқының музыкалық ұлттық аспаптары адырна, домбыра, қобыз, үскірік, сазсырнай, шаңқобыз, т.б. аспаптар орналастырылған.

«Галерея» залында ҚР-ның Суретшілер одағының мүшесі Берік Бөкешовтің, ҚР Суретшілер одағының және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Таймас Телеушевтің, республикаға белгілі суретшілердіңЕ.Исмағұлов, Ж.Күшікбаев, Ғ.Баянов, А.Дәуітбаев, А.Кененбаев, Ш.Сәменов, Ә.Абызбеков, т.б., бояқтары, Арал ауданында орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштері туралы мәлімет жазылған билборд орналасқан.

«Тәуелсіз Қазақстан» залында Қазақстан Республикасының 1991 жылы Тәуелсіздік алған күннен бастап қазіргі уақытқа дейінгі тарихи кезеңдер хронологиялық шеңбермен жүйелі түрде ретімен орналастырылған.

        Экспозициялық залда қазақ халқының елеулі оқиғасы 1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасынан» басталып, Тәуелсіз еліміздің мемлекеттік рәміздері, ұлттық валютамыз–теңгелердің үлгілері, 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін астананы Алматыдан Ақмолаға көшірілуі, 1992 жылы Қазақ­стан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымының толық­қан­ды мүшелігі, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, 1992  жылы Қазақтардың І Дүниежүзілік құрылтайы, Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен құрылуы, Арал ауданындағы өнеркәсіп өнімдері, спорт саласы, 2005 жылы 28 сәуірдегі Тұңғыш Елбасымыздың Арал ауданына іс-сапары, Қазақстан Республикасының тұңғыш Премьер-Министрі Ұзақбай Қараманов жайындағы деректермен қамтылған.

«Өлке тарихы» залында Арал теңізінің өткені мен бүгіні, ХІХ-ХХ ғ.ғ. Арал теңізін зерттелуіне байланысты материалдар, құстар мен балықтардың түрлері, 16 Социалистік Еңбек Ерлерінің, ауданымыздың әлеуметтік саласында халық ағарту, медицина салаларында еңбек еткен қызметкерлердің жеке құжаттары, тұтынған бұйымдары мен фотосуреттері фотолары да экспозициядан орын алған.

     Сондай-ақ, осы залда 1919 жылы ақ гвардияшылардың Кеңестік Түркістанға қарай шабуылы Арал түбінде тоқтатылып, осы жылдың қыркүйек айының 1-і күні Қызыл Армия бөлімдері мен жергілікті жасақшылардың жауды күл-талқан еткендігі туралы «Арал бекінісі» атты панораманы және  1921 жылы Астрахань, Самара және Еділ бойындағы ашаршылыққа ұшыраған халықтарға көмек беруді сұраған В.И.Лениннің өтінішіне сәйкес Арал балықшыларына жіберген токарь станогының макетін көруге болады.

     Бұл залда 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысқан Арал ауданының ардагерлерінің фотосуреттері мен архивтік құжаттары, мемлекеттік наградалары, хаттары, киімдері, қару-жарақтары орналасқан. 

2019 жылдың ақпан айынан бастап облыс әкімінің 28 желтоқсан 2018 жылғы №1301 санды Қаулысының негізінде «Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК-ның «Арал аудандық тарихи-өлкетану музейі» филиалы болып қайта құрылды. 

+7-7242-263252

Сұрақтарыңыз бар ма?

Бізге хабарласыңыз немесе хат жазыңыз

Хат жазу