Басты бет » Коллекциялар

Этнографиялық бұйымдар

Енгізілді: 05.05.2016Өзгертілді: 12.05.2016

Қазақтың көркем қолөнер ісінен де өте құнды материалдар баршылық. Мал жүнінен түрлі бұйымдарын жасауға негізделген әйелдердің қолөнері қазақ арасында өте күрделі орын алып, қазіргі күнге дейін маңызын жоймай келеді. Тоқудың бірнеше түрлері бар: термелеп тоқу, қара тоқу, кежім теру, орама теру және т.б. Сонымен қатар тоқылатын кілем түрлері де тоқылу әдісіне қарай және түр түсіне қарай бірнеше түрге бөлінеді. Тақыр кілем және түкті кілем. «Бітпес» сырмақтың бір түрі. Оның негізі киіз болады. Ақ киіздің бетіне қызыл, сары түсті көз тартатын маталарды оюлап бастырып, сол ою-өрнектің шеті жағалай жиекпен көмкеріледі. 

Қазақ халқы теріден үй тұрмыс-тіршілігін, шаруашылық қажетіне жарайтын ерлердің сыртқы киім-кешегі, ер-тұрман, қамыт-сайман, азық-түлік салатын қаптарды, сұйық сусын сақтайтын, ыдыстарды жасаған. Ер тұрман әбзелдері салт атқа мініп жүру үшін қажет. Ердің әбзелдерін жасауға жылқының, түйенің терілері пайдаланылады. Ертоқымды күмістеу, алтын жалату және әртүрлі асыл тастардан көз орнату және т.б. тәсілдермен безендіреді. Халық шеберлері ағаштан ойып әр түрлі ыдыстар да дайындайды. Сондай-ақ астау, тостаған, ожаулардың алуан түрлерін жасайды. Соның бірі қайыңнан ойылып істелген қымыз ішетін тостағандар. Сондай-ақ ағаш шеберлері ағаш төсектер, кебежелер т.б. үй тұрмысына қажетті жиһаздар жасап отырған. Жиһаздарының алдыңғы жағына қараған бетін ғана әшекейлеп оюлаған да екі жаны, үстіңгі беті жай ғана тақтайдан қағылған. Сандық, кебеже, жүкаяқ, керует сияқты қазақ жиһаздары көшпелі өмірге бейімделген, көшіп-қонуға жеңіл әрі ықшамды етіп жасалады.