Басты бет » Бөлімдер

Археология және этнография бөлімі

Енгізілді: 26.04.2016Өзгертілді: 11.10.2017

Бегім Ана мұнарасы. ІХ-ХІ ғасырлар

Бегім ана мұнарасы Арал ауданы, Қаратерең ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 27 шақырым жерде орналасқан. Мұнараның негізгі мақсаты туралы мәлімет жоқ. Тарихи деректерге сүйенсек, аңыз бойынша бұл ескерткіш күнәсіз айып тағылып, соңынан құсқа айналып, осы мұнараға мәңгілік орныққан ортағасырлық Жанкент қаласының патшасы Шанжардың (Санжар) әйелімен байланыстырылады.

 

Ескерткіш жазықтықтың ортасында биіктеу болып келген алаңға орнатылған. Алғашында кесектен жасалған дуалдары қазіргі кезде, өлшемі 23х235/6 см болатын, күйдірілген кірпішпен айналдыра қаланған. Мұнара әр қыры 2 метр болатын 8 бұрышты құрылысты құрайды. Жалпы биіктігі 10 метр. Жоғарғы бөлігінде мұнараның 8 қыры тарылып, күмбез тәрізді болып қалған. Мұнара төменгі жағының диаметрі 3,5 м, биіктігі 4 м. Бұл бөлмеге ескерткіш биіктігінің ортасына орналасқан арка ойығы алып барады. Камера үстінде еңіс жақтаумен қоршалған алаң орналасқан – пирамида тәрізді күмбез белгіленген. Бүгінде ескерткіш қайта жөндеуден өткізілген. Ескерткіш тарихи-мәдени маңыздылыққа ие, себебі Орта Азия мен Қазақстанның өзге аумақтарында мүлде кездеспейтін мұнара құрылыстарының бірегей түрлеріне жатады.

 

Қиелі жерлер географиясы: Ортағасырлық Жанкент қаласы (ҮІІ-ХІ ғғ.) 

            Елбасының "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақаласы аясында жүргізіліп жатқан "Қазақстанның киелі географиясы" жобасы бойынша  Қызылорда облысынан 12 тарих және мәдениет ескерткіші жалпыұлттық киелі жерлердің тізіміне енді. Солардың бірі Сырдарияның төменгі ағысында орналасқан ортағасырларда "Жаңа Гузия" деп аталған әйгілі Жанкент қаласы.

            Жанкент – ортағасырлардан сақталған көне қала орны (Қазалы ауданы, Өркендеу ауылы). Ортағасырлық саяхатшылар Жувейнидің, Несевидің және Омаридің кейбір еңбектерінде ол «Шаркент» деп те берілген. В.В.Бартольдтің пайымдауынша,                         Х-ХІ ғасырларда Оғыз мемлекеттік бірлестігі билеушілерінің қысқы ордасы болған. Жанкентте 1867 жылы П.И.Лерх және М.К. Приоров кішігірім қазба жұмыстарын жүргізіп, жобасын түсірген. Зерттеуді келесі жылы (1868) В.В. Верешагин жалғастырды. Ал 1946 жылы Хорезм археология-этнографиялық экспедиция (жетекшісі С.П. Толстов) кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қаланың нақты жобасын сызып, әуеден суретке түсірген. Қаланың жобасы шығыстан батысқа қарай созылған, бұрыштары тік келген, көлемі 375х225 м. Солтүстік батыс бұрышында орналасқан цитаделінің көлемі 100х100 м, биіктігі 8м, оның бұрыштарында орналасқан күзет мұнараларының оқ ататын қуыстарына дейін бұзылмаған.

 

Жазба деректерде Жанкент алғаш рет араб тарихшысы Ибн-Рүстемнің еңбегінде аталады. Сондай-ақ араб географы Ибн-Хаукал оғыздардың басты қаласы Жанкент болды, оны ирандықтар Нау-Керде, арабтар Эл-Харият, сарматтар Дахи Нау деп атаған дейді.

Жанкент атауының өзі Янгикент-Жанакент-Жанкент (Жаңа қала) деген мағынаны білдіреді. Жанкент тарихы ғасырлар қойнауында жатыр. Қаланың гүлдену дәуірі ІХ ғасырды ІІ-жартысы мен ХІ ғасырдың алғашқы ширегі. Жанкент шаһары-аумағы 15-20 гектар, егіншілігі, саудасы мықтап өркендеген қала болды. Қала маңындағы ирригациялық жүйелер егіншіліктің шаруашылықтағы негізгі басты саласы болғандығын әйгілеп тұр.

 

Жанкенттің шығыс пен батысты жалғастырып жатқан Ұлы Жібек жолы бойындағы тоғыз жолдың торабына орналасуы қаланың географиялық, экономикалық маңызын арттыра түсті.

Жанкент ХІ ғасырда өмір сүруін тоқтатқан. Ол туралы ел аузында әртүрлі деректер, аңыз-әңгімелер сақталған. Алайда, археологтардың айтуынша тұрғындары қаланы тастап, басқа аймаққа көшкен.

 

            Бүгінгі күні Жанкент қалашығы туристік нысандардың бірі болып табылады. Қала жұртына 2005 жылдан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында, 2014 жылдан облыстық бюджет есебінен кешенді археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Қазба жұмыстарын Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жүргізуде. Қазақ тарихында маңызды орын алатын оғыз мәдениетінің орталығы Жанкент қалашығын ЮНЕСКО-нің Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу жұмыстары жүргізілуде. Әкімдік тарапынан оның қорғау аймағы, менеджмент жоспары мен ғылыми құжаттамалары әзірленді. Қазіргі таңда ескерткіш ЮНЕСКО-ның алдын-ала тізіміне алынған.