Тарихы

Қызылорда облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының «Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының «Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейі» филиалы

Аудандық музей алғаш қоғамдық бастамамен 1990 жылы ұйымдастырылып, 1993 жылдың наурыз айынан бастап Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы болып, 1997 жылы сәуірден бастап Сырдария  аудандық тарихи-өлкетану музейі болып қайта құрылды.

Музейді алғаш ұйымдастырып, 1990-1997 жылдар аралығында  басшы қызметін атқарған ұстаз, жергілікті ақын Сейтмұрат Ембергенов болатын. 1997-2016 жылдар аралығында Мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Алмагүл Бақтиярова, 2017 жылдан қазіргі күнге дейін Марат Омаров басқарып келеді. Музейде 5 мәдени қызметкерлер жұмыс жасайды.

Музей ғимараты Қалжан ахун шаруашылығының демеушілігі арқасында тұрғын үй есебінде салынған. 2000 жылы аудандық әкімдік тарапынан музей ғимаратына қосымша екі зал салынды. 2011 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Тәуелсіз Қазақстан» залына, 2014 жылы «Аудан тарихы» залына реэкспозиция жұмыстары жүргізілді.

2017 жылы Тереңөзек кентіндегі орталық демалыс алаңында орналасқан ескі мешіт ғимараты аудандық музей теңгеріміне беріліп, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында «Еңбек даңқы» залы ашылды.

Алғашқы музейдің қорында 1500 экспонат болса, қазіргі күнде экспонат саны  –  10377, оның негізгісі – 6220, көмекшісі – 4157 экспонат. Музей материалдары ауданның қалыптасу және даму тарихы, даңқты істері, өндірістік және мәдени өсуі туралы мәліметтер береді.

Музей экспозициясында Кеңес Одағының Батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері, Қазақ ССР-нің Жоғарғы Кеңесінің депутаттары, білікті аудан басшылары, Қазақ ССР-не еңбегі сіңген мұғалімдер, Қазақстанның көрнекті жазушылары, ауданымыздың мақтанышына айналған ғұламалар мен ғалымдарымыз, дәрігерлер, қолөнер шеберлері мен суретшілер туралы мәліметтер бар. Сонымен қатар, музей жәдігерлерінің ішінде Аралбай батырдың қылышы, Бес қару, ат әбзелдері, Абай тұтынған асадал (шкаф), Сауранбай болыстың кебежесі, ағаш табағы мен керсені, Марқа Қобландиннің сандығы, 200 жылдық тарихы бар шаңырақ, 1 ғасырлық тарихы бар ағаш төсек, киіз үйдің есігі (сықырлауық), түкті және тақыр кілемдер, тұскиіздер, қоржындар мен кесеқаптар, мыс көзелер және керамикалық көзе, қобыз коллекциялары, зергерлік бұйымдар, құнды қолжазбалар, түрлі деректі суреттер мен құжаттар, ҚР Суретшілер Одағының мүшелері Ш.Сейтмұратовтың, Ш.Сәменовтың Ж.Маханбеттің, Ж.Исмағұловтың туындылары – музейдің тарих шырақшысы, ұрпақтан-ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін маңызы зор тарихи орын екенін дәлелдей түскендей.

Музей экспозициясымен танысуға  Болгария Республикасының азаматы Семьен Пешов, КСРО халық әртісі, Қазақстанның халық әртісі, халық қаһарманы Роза Бағланова, ақын Қайырбек Асанов, ҚР еңбегі сіңген мұғалім Алданазаров Сақыбек, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шаханов, Бұқарбай батырдың шөбересі Алданазаров Жоламан, қырғи тілді ақын А.Тоқмағанбетовтың балалары мен немерелері, Ақпарат және қоғамдық министрлігінің қызметкері Ғазиз Телібаев, әнші-сазгер Әшірбек Тінәлі, Қазақстан Өкіметі кеңсесінің жауапты қызметкері Бисенғали Баспақов, ардагер Камал Бердаулетов, Республикаға аты белгілі ақын, аудармашы Сейфулла Оспанов, «Үркер» журналының бас редакторы, жазушы Қуандық Түменбай, Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қ.Әбішев, ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми, ҚР Парламент Сенатының депутаты Д.Досмамбетов, «Хабар» телеарнасының қызметкері Сағатбек Қалиұлы, «Алтын Орда» журналының бас редакторы, Жазушылар Одағының мүшесі Мейірхан Ақдәулетұлы, Қызылорда облыстық ардагерлер төрағасы С.Шаухаманов, ҚР мемлекеттік қызмет ісі бойынша басқарма агенттігінің бас маманы Жылқышиева Жазира, Қазақстан Теміржолының алғашқы генерал қызы, профессор Рысты Хасенова, Сенат Халықаралық қатынас қауіпсіздік және қорғаныс комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов, ақын Қадыр Мырза-әлі, ҚР Мәдениет вице-министрі Ғ.Тұрысбекұлы секілді атақты кісілер келіп, өз қолтаңбаларын қалдырды.

Қазіргі заман талабына сай музейдің материалдық-техникалық жағдайы жақсарып келеді, яғни музей интернет жүйесіне қосылып, музей қорындағы құнды экспонаттар жүйеленіп, жаңа «Музеолог» электронды  бағдарламасына  енгізілуде.

2019 жылдың қаңтар айынан бастап аудандық музей оңтайландыру негізінде Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы ретінде жұмыс атқаруда.  Музей ісіне халықтың қызығушылығы артып, көрермендер, музейге келушілер саны ұлғаюда.

 

Музей жұмысының мақсат-міндеттері:

-   ҚР Мәдениет туралы Заңын басшылыққа ала отырып, елдің мәдени өмірі саласындағы саясатын жүзеге асыру;

-   Музей қорын дамыту, сақтау, жүйелеу, музей ісін жетілдіру, ғылыми зерттеу. Сонымен қатар, аудандағы барлық мемлекеттік мекемелермен тығыз байланыста болып, музей ісіне қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың мүшелерін қатыстыру, өтетін мәдени шараларға, көрмелік жұмыстарға бірге атсалысуды қамтамасыз ету;

-   Облыс, аудан көлемінде өтетін мәдени шаралардың жоғарғы дәрежеде өтуіне жағдай жасау. Ұлттық мәдениеттің, бейнелеу өнерінің жетістіктерін насихаттау, көпшілікке тарату, жоспарланған түрлі мәдени шаралардың мазмұнын жақсарту   болып табылады.

+7-7242-263252

Сұрақтарыңыз бар ма?

Бізге хабарласыңыз немесе хат жазыңыз

Хат жазу